Өрттің шықпауын әуеден қадағалайды
Биылғы жазда Катонқарағай «ҚазӘуеОрманқорғау» бөлімінің
қарамағындағы аумақта 21 рет дала өрті орын алған екен. Ол аумаққа Катонқарағай
мемлекеттік табиғи ұлттық паркі мен Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының
аумағы, Үлкен Нарын, Күршім, Зайсан өңірлеріндегі орманды алқаптар кіреді.
Барлығы 1 млн. 336,4 гектар жерден өрттің шықпауын қарап отырған он шақты ғана адам. Оның бірі аға ұшқыш-қараушы, енді бірі өрт сөндіруші десант тобының нұсқаушысы, радиооператор және өрт сөндіруші десантшылар.
— Әсіресе, жаздың соңы мен күз айларында дала өрттері көп орын алады. Оның басты себебі — адамдардың далалы жерде, орманды алқаптарда өрт қауіпсіздігін сақтамауы. Жаққан оттарын толықтай өшірмейді, қураған шөпке шеккен темекі тұқылдарын тастай салады. Кейбір жағдайда тракторлардың мұржасынан шыққан ұшқын да өртке себеп болады. Халық отынды орманнан алады. Ал сол отын өртке себеп болатын аамдардың өздеріне керек екенін естерінен шығармаса екен, — дейді аға ұшқыш-қараушы Артем Воробьев.
Катонқарағай, Марқакөл өңірлері орман қорына бай болғанымен,
ағаш алуға қолайлы орындар аз. Көп бөлігі техника жетпейтін жерлерде. Ағаш
өңдеу осы өңірлерде кенже қалып отырғаны да осыдан болса керек. Жалпы, облыс
бойынша ағаш дайындап, өңдейтін елуден астам ғана кәсіпорын бар. Олардың ішінде
мардымды жұмыс істеп отырғандары саусақпен санарлық қана. Ал билетпен
босатылған ағаштардың көп бөлігі отын ретінде ғана пайдаланылады.
Катонқарағай «ҚазӘуеОрманқорғау» бөлімінің мамандары қар
түскенше бұл аумақтарын тілсіз жаудан қорғап, қалтқысыз қызмет етеді. Ашық
күндері төңіректі әуеден шолып, өрт шығып кетпеуін бақылап отырады. Мұндағы әр
маман өз міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Қарамасқа бола ма?!
Алтай мен Зайсанның арасындағы орманды, таулы алқаптың жайқалып тұруы әуе өрт сөндірушілеріне тікелей байланысты. Қарағайлы жердің өрті бір лап етсе, сөндіру қиынның қиыны. Төр Алтайдың табиғатын темекінің тұқылы-ақ құртып жіберуге қауқарлы. Сондықтан табиғат әр адамның қорғауында болу керектігі де үнемі түсіндіріліп отырады. Артем Воробьевтің айтуынша өртті сөндіргеннен гөрі алдын ала халыққа ескерту жұмыстарын жүргізу тиімді. Ол үшін олар ауыл халқына далалы жерде от жағудың тәртібін түсіндіріп, ереже жазылған үндеу парақтарын таратады.
https://kaz.altaynews.kz/archives/19591
Мерей Қайнарұлы