ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ОРМАН ӨРТІ АЗАЙДЫ
Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында орналасқан «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Жамбыл авиа бөлімі аймақта орман өрті өткен жылмен салыстырғанда алты есе азайғанын хабарлады. Дегенмен әлі де бесінші өрт сыныбы сақталып отыр. Сондықтан мамандар орман аумағын әуеден бақылау жұмысын қара күзге дейін назарда ұстайды.
Жамбыл облысында Мойынқұм орманшылығында көбінесе орман өрті найзағай мен адами фактордың әсерінен жиі орын алады. Биыл жауын-шашын көрсеткіші төмен болған. Бұл найзағай түсу жағдайларын бәсеңдеткен. Дегенмен аймақта күн қатты ыстық болғанымен, екі орман өрті тіркеліпті. Оның бірі Байзақ орман шаруашылығы, ал екіншісі Бескепе орманшылығында орын алған.
Жамбыл авиа бөлімінің басшысы Талғат Әлиев сексеуіл ормандарын сақтауда күннің екі тәулігінде әуе бақылауы қатаң жүргізілетіндігі және жердегі орманшылықтарға ақпарат жедел хабарланып отыратындығын, бұл орман өртін болдырмаудың маңызды жолы екендігін айтады.
Мойынқұмның басты нышаны-сексеуіл орманы. Қазіргі уақытта алқапта сексеуіл барынша көбейіп келеді. Оның бір дәлелі сексеуіл ұрықтарын жыл сайын егу жұмыстарының жүргізілуінде дейді сала мамандары.
«Қазавиаорманқорғау» РМҚК Жамбыл авиа бөлімі Мойынқұм орманшылығында 495937 га, ал Меркі таулы аумағында 335288 га жерді әуеден бақылау жұмыстарын орындап келеді. Аталмыш бөлімде авиа орман жұмыстарына 1 ұшақ, 1 тік ұшақ және 9 өрт сөндіруші десанты жұмылдырылған.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ, Жамбыл облысы