Табиғат байлығы - Халық байлығы
Кім болса да өзінің кіндік қаны тамған жері, туған өлкесі, оның табиғат таңғажайыптары, ерекше таулары мен орман-тоғайларымен мақтанатыны рас. Ол - жазылмған заңдылық.Өйткені жер бетіндегі ең сұлу, ең әдемі жер - кез келген адам үшін туған жері. Сол туған жерінің табиғат байлығы. Табиғаттың сыйға тартқан байлығын, тау-тасын, өзен-көлін ата-бабаларымыз қорғаштап, күтіп-баптап жүріп бізге жеткізді. Біз өз кезегінде ұрпағымызға бүлінбеген қалпында аманаттауымыз керек. Оны сол қалпында сақтап, тауыспай, керісінше көбейтіп, жақсартып,жасартып, сәндей түсу борыш деп саналса дұрыс болар еді. Табиғатты аялайық оны қорғайық деп дабыраны көп жасағанымызбен, шынайы іске келгенде тоқырайтын да сәттер болатындығы бүгінгі күннің шындығы.
Орманшылар жыл бойы өз міндеттеріне сай орманды алқаптарды өрт қауіпсіздігінен сақтап, бұл бағытта біршама шаруалардың басын қайырды. Өрттің алдын алу шараларын ұйымдастырып, төтенше жағдайларды болдырмауға әзірлік жұмыстарын жүйелі жүргізді.
Солай бола тұра кейде ормандықтар тілсіз жаудың құрбанына айналып отырған сәттер де жоқ емес. Оның басты себептерінің бірі адам факторы екендігі де даусыз. Биыл ормандықтарда өрт қауіпсіздігі талаптары мен санитарлық қағидаларды бұзған екі жағдай тіркеліп, айыптыларға 99100 теңге айыппұл салынып, әкімшілік жаза қолданылды.
Соңғы кездері екінің бірі аңшылықгы әуес көріп, онымен айналысуды «модаға» айналдырды. Әрине біреулер үшін ол шынымен әуестік болар, демалудың бір үрдісі саналар, енді біреулер үшін күнкөрістің түрі болғандай. Әсіресе хайуанаттар әлеміне көз салушылар мен қол сұғушылардың көбейгендігі де жасырын емес. Әрине заңсыз жолмен аңның етін жегісі келетіндер көбінесе қарапайым халық емес, ірі лауазым иелері екендігін де білеміз. Қызмет бабын пайдаланып, халық байлығына қол сұғушылар, бабалар аманатына қиянат жасағандықтарымен қоймай, заңды да белшесінен басып, тіпті кейде жазадан да құтылып жататындары да бар. Дей тұрғанмен заңның құрығы ұзын, бірде болмаса бірде «дөп» тиері анық.
Шонжы-Қалжат тас жолы бойындағы «Мираж» демалыс аймағына жиналған рейд мүшелерін көкке көтерген тікұшақ алдын ала жасалған маршрут бойынша «Адал» аңшылық шаруашылығының аумағынан басталды. Қарадаланы аралай төмендеп, Іле өзенін өрлей ұшқан тікұшақ иллюминаторынан «Тойота» автокөлігін байқадық. Оның үстінен бір айналып жерге қонған қанатты көліктен қарғып түскен полиция қызметкері мен орманшы мамандарының ізімен біз де көлік тоқтаған жерге жеттік. Аудан тұрғыны С.С.ға аумен балық аулаудың тәртібі мен ережесі жайлы түсінік берілгеннен соң тікұшақ әуеге қайта көтерілді. Өзенді бойлай ұшқан тікұшақ Кетпен тауларын аралап, Ақтам ауылында жиналған орманшылармен кездесіп, Төлеуғазы Төлеубайұлы олардың күнделікті жұмыстарымен жақыннан танысты. Табиғат күзетінде жүрген орманшылардың қиын да аса жауапты жұмыстарына өз бағасын берген бас директор бұл істің болашақ ұрпақ үшін аса құнды екендігін айтып, әріптестеріне табыстар тіледі.
«Қазавиаорманқорғау» мекемесінің бастамасымен ұйымдастырылған рейдтің қорытындысын жасаған аталмыш мекеме басшысы Төлеуғазы Сексенбаев бұл шараның қылмыстың алдын aлy және табиғат байлығын бүлдіруге жол бермеу мақсатымен өткендігін айтып, экипаж және рейдке қатысқан барлық азаматтарға ризашылық сезімін жеткізді. Айлық жалақыларының аздығына қарамастан халық байлығы күзетінде жүрген орманшылардың жұмыстарына табыстар тілеп, өз кезегінде мекеме тарапынан мүмкіндігінше көмек көрсетілетіндігіне сенім білдіріп, осындай рейдтердің жиі ұйымдастырылуына мұрындық болатындығын да баса айтты.
Табиғатты баға жетпес байлыққа теңейміз, ал оның қорғалуы мен сақталуына келгенде салғырттық танытып жататынымыз да жасырын емес. Әр адам орман мен қорықтардағы аң-құстардың, тал-теректің көбеюіне, өсіп-өнуіне себепкер болып отырса нұр үстіне нұр. Өйткені болашақ ұрпақ алдында бабадан қалған енсіз байлық табиғаттың құрып кетпеуі бүгін біздің қолымызда болса, ертең балалар сол дәстүрді жалғап, өз ұрпағына жеткізуі үшін де мақсатты жұмыс керек-ақ. Рейдтің де діттегені осы болатын.
Махмут ИСРАПИЛОВ, Қарадала тынысы нәпәси №46 2015 ж.