ИНСПЕКТОРЛАР ӘУЕДЕН БАҚЫЛАУ ЖҮРГІЗДІ

Табиғат байлығына заңсыз қол сұғу елімізде әлі күнге дейін тыйылмай тұр. Браконьерлермен күрес те тәртібінде. Күні кеше ғана, «Қазәуеорманқорғау» мемлекеттік мекемесі тікұшағы көмегімен еліміздегі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, облыстық аумақтық инспекциялар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері Бақанастан — Балқашқа дейінгі табиғи аймақты әуеден бақылады.
Заңсыз балық аулау, аң ату, өсімдік жинау алыс аймақтарда жиі орын алады. Сондықтан, бұл заңсыздықты ауыздықтау үшін әуе бақылау жұмыстарын да қатар жүргізеді.
«Қазәуеорманқорғау» РМҚК-ның аға-ұшқыш бақылаушысы Талғат Алиевтің айтуынша, әуе бақылауының жүргізілуі браконьерлердің заңсыз іс-қимылдарына біршама тосқауыл жасайды.
Кезекті әуе рейді барысында бірқатар заңсыздықтар әшкереленді. Қалың қамыс пен арнасы қысқа көлдердің арасында жол талғамайтын көліктерімен жайғасқан браконерльердің біразы ұсталды. Ең өкінішістісі, тікұшақты көре сала, қаруларын тығып,  балықтарды суға жіберіп үлгергендері де бар. Бірақ, кәсіби инспекторлар қалың қамыстың өзінен қаруды да, тыққан балықты да тауып алды. Соңынан, ұсталған азаматтарға  хаттама толтырылып, айыппұл жазылды.
Заңның осал тұстарын біліп алған, кәсіби браконерльер инспекторлардың жұмысына біраз кедергі келтіргенімен, нақты айғақтар табылып, олардың заңнан құтылып кетпеуіне тосқауыл болды. Дегенмен, төңірегін қоқысқа толтырып, ластап тастаған табиғат қаскөейлеріне тек заңсыз балық аулау және құс ату дерегі бойынша ғана айыппұл жазылды.
«Демалып отырмыз,-деген азамат маңындағы қамыс арасынан қару табылды. Ал суда жаңадан атып өлтірілген қырғауыл жатыр. Жергілікті тұрғынның қалтасынан қару оғы табылды. Енді полиция арқылы іс сотқа жіберіледі», -дейді Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының инспекторы Леонид Сидоренко.

Әлімжан МҰСАЕВ, Төменгі Іле инспекциясының бас маманы:

-Іле өзенінің арнасынан балықшыларды көрдік. Тексеру барысында 5 қармағы бар, балық аулайтын рұқсат қағаздары жоқ азаматты,  әкімшілік кодекстің 386-бабының 1 тармағымен хаттамаға толтырдық. Енді бұл кісі жауапқа тартылады. Айыппұл көлемі- 12025 теңге болады. Бұл айыппұлды жеті күн ішінде төлемесе, 24050 теңге төлеуіне тура келеді. Негізі қала тұрғындары заңды жақсы біледі және заңды бұзады. Ондай жағдайлардың барлығына біз тиісті жаза қолданамыз. 

Сәкен Ділдахмет, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:

-Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, облыстық аумақтық инспекциялар, «Қазәуеорманқорғау» және «Охотзоопром» мекемелері жыл бойы еліміздің орман қорын, жануарлар дүниесін, сонымен қатар су айдындарында балықтарды заңсыз браконьерлерден қорғау бойынша рейдтік жұмыстар жүргізеді.
2018 жылдың 31 қыркүйегіне дейінгі дерек бойынша, биылдың өзінде 7428 рейдік жұмыс өткізілді. Ал 6736 табиғат заңнамасын бұзушылық анықталып, 5855 адам әкімшілік жазаға тартылды. Табиғат заңнамасын бұзған шығын көлемі — 80 млн. 900 мың теңге құрайды. Бүгінгі күнге дейін 68 млн. теңге мемлекет қазынасына игерілді.

Бұл бақылаудың басты мақсаты — еліміздің өсімдіктер және жануарлар дүниесінің сақталу, өсімін молайтуға бақылау жүргізу және әрбір су айдындарында, елді-мекендерден заңсыз аңшылыққа, заңсыз балық аулауға шыққан азаматтарды заң бойынша жазаға тарту. Бұдан бөлек, комитет тарапына қатысты әрбір жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп, елмен, халықпен кездесулер өткіземіз. Алдын алу шараларын ұйымдастырамыз. Халыққа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, жауапкершіліктің мәнін түсіндіреміз. 2016, 2017 жылғы көрсеткіштермен салыстырсақ, браконьерлік бойынша заң бұзушылықта айтарлықтай өзгерістер жоқ.

Еліміздің аудандары өте үлкен. Сондықтан мамандар саны жеткіліксіз. Мысалы, кейбір инспекторлардың бақылауына 100, тіпті 500 гектар жер беріледі. Оның барлығын бір күнде бақылау, тексеру мүмкін емес. Соған қарамастан, мамандарымыз табиғат байлықтарын қорғау жұмыстарын тиянақты түрде жүргізуде.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ, «Қазақ газеттері» ЖШС

Популярные новости


Алматы қ., Керей-Жәнібек хандар к-сі, 259
Тел.: +7 (727) 271-81-45
Е-mail: info@aviales.kz
Жоғарыға