Алматы облысында заңсыз аң атып, балық аулағандар ұсталды



Биылғы 9 айдың көрсеткіші бойынша елімізде заңсыз аң атып, балық ұстаған 6 мыңға жуық адам әкімшілік жазаға тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Ал олардың әрекетінен табиғатка келген шығын 81 млн теңгеге жетті. Балқаш пен Іле атырабына мылтық асынып, айдынға қармақ салушылардың саны артуда. Көбісінің аңшылық пен балықшылыққа арнайы рұқсаты жоқ.
«Балқаш пен Іле атырабын тікұшақпен тінту керек. Өйткені көлікпен браконьерлерді ұстау өте қиын», – дейді инспекторлар. Бұл тексеріске «ҚазәуеОрманҚорғау» мекемесінің Ми-8 тікұшағы қолайлы.
Іленің жағасына келіп, балық аулауды ермек қылғыңыз келді екен, онда арнайы екі мың теңге тұратын лицензияны сатып алып, дәл осындай қармақпен 10 келіге дейін балықты аулауыңызға рұқсат. Ал егер ол болмаған жағдайда, табиғатты қорғау инспекторларының қармағына өзіңіз түсіп қалуыңыз әбден мүмкін.
Инспекторлар Балқаш ауданына қарасты Балатопар ауылының жанында еш алаңсыз балық ұстап отырған екі азаматтың үстінен түсті. Құжаттарын тексере келгенде оларда арнайы рұқсат болмады.
Олег Марюхин, Алматы қаласының тұрғыны:
- Дәл осында балық ұстауға болмайтынын білмедім. Ешқандай белгіні  көрген жоқпын. Ғаламтордан оқымадым.
Әрине, елімізде кез келген адамға өзен-сулардан 5 келіге дейін балық аулауға рұқсат. Бірақ ол табиғи қорғау аймағы болмауы тиіс. Сондай ережені біле тұрып, «білмедім, көрмедім» деп кінәсін мондамаған азаматқа балықты рұқсатсыз аулағаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айппұл салынды. Бұдан бөлек оның көлігінің қасынан мылтық та табылды. Суда жатқан өлі қырғауылды алып үлгермеген аңшылар мылтықты өздерінікі екенін мойндаудан бас тартты. 
Леонид Сидоренко, Алматы қалалық жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының басшысы:
- Мылтықтың маркасы – ИЖ-18, калибрі – 12. Жергілікті тұрғынның қалтасынан екі оқ табылғанымен, ешқандай құжаты жоқ. Енді оны аудандық ішкі істер бөліміне жеткіземіз.
Іле өзенінің арналары – аңшылардың сүйікті аймағы. Мұнда қырғауыл, дуадақ пен үйректер жиі кездеседі. Күзде құстар әбден семіреді. Балғын да тәтті етті аңсаған аңшылар көп жағдайда оларға заңсыз оқ атады. Ал бұл табиғатқа орасан зор шығын.
Сәкен Ділдахметов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:
- Биылдың өзінде 7428 рейдтік жұмыстар жүргізіліп, 6 426 табиғат заңнамасын бұзушылық анықталды. 5855 адам әкімшілік жазаға тартылды. Осы шаралардың шығыны 8 млн 900 мың теңгені құрайды.
Әуеден барлау мен бақылаудың артықшылығы көп. Осындай рейдтер кезінде аңшылар ешқайда қашып құтыла алмайды. Тіпті, сексеуіл бұтарлаушылар да қолға түсіп жатады. Алайда бұл жолы ондайлар көзге түспеді. Дегенмен балықты рұқсатсыз аулағандардың барлығына Әкімшілік кодекстің 383-бабының 1-тармағымен хаттама толтырылды. Балыққа барғанда тиісті мекемеден рұқсат қағазын алу керектігін ескеру керек әрдайым.
Авторлары: Алмас Садуақас, Ерлан Әбжанов

Популярные новости


Алматы қ., Керей-Жәнібек хандар к-сі, 259
Тел.: +7 (727) 271-81-45
Е-mail: info@aviales.kz
Жоғарыға