МЕРКІ-ҚҰЛАН ТАУЛАРЫНДА ӨРТ ҚАУПІ САҚТАЛЫП ОТЫР

Меркі-Құлан тау шатқалдарында ең жоғарғы өрт қауіптілігінің деңгейі — бесінші класс бекітілген. Сондықтан «Қазәуеорманқорғау» РМҚК Жамбыл авиация бөлімшесі аталған аймақта күніне 3 рет әуеден бақылау жұмысын орындайды.

«Қазәуеорманқорғау» РМҚК Жамбыл авиабөлімшесінің басшысы Талғат Алиев Жамбыл облысындағы орман алқаптарын таныстырып тұр

Тау шатқалындағы жалынды ауыздықтау оңай емес. Сондықтан әуе техникасының маңызы зор. Өрт таудың биік белдеуінде орын алғанда, әуе десантшылары іске кіріседі. Сондай-ақ, авиатехника көмегімен көктен су шашылып, жалынды ауыздықтауға барлық күш жұмылады.

«Қазәуеорманқорғау» РМҚК Жамбыл авиабөлімшесінің басшысы Талғат Алиев ұшқыш-бақылаушы Бекзат Байшаловпен бірге шөлді және таулы аймақтарды бақылау жұмыстарын жоспарлауда

Күн сайын бақылау жасайтын ұшқыш-бақылаушылар өрттің шығу аумағын, көлемін, деңгейін анықтап, жергілікті әкімшілік пен төтенше жағдайлар қызметіне хабарлайды. Соның нәтижесінде, өрт тез ауыздықталып, елді-мекендер мен орманды алқаптарды қорғап қалады. Бұл тұрғыда күннің аптап ыстығына қарамастан, өртпен күресіп жүрген «Қазәуеорманқорғау» РМҚК Жамбыл авиация бөлімшесінің жұмысымен біз де танысып, бақылау жұмысына қатысып қайтқан едік.

Орманды алқаптардағы өртке байланысты «Қазәуеорманқорғау» РМҚК Жамбыл авиабөлімшесінің басшысы Талғат Алиев бөлімше десантшыларына тапсырма беріп жатыр. Олар сәлден кейін МИ-2 тікұшағымен әуеге көтерілуге дайын тұр.

«Қазәуеорманқорғау» РМҚК Жамбыл авиабөлімшесінің әуе десантшылары МИ-2 тікұшағына бара жатыр.

«Қазәуеорманқорғау» РМҚК Жамбыл авиабөлімшесінің десантшылары МИ-2 тікұшағымен әуеге көтерілуде.

МИ-2 тікұшағы экижапы Мойынқұм орман алқабын барлауға аттанды.

Мойынқұмда күндіз ауа температурасы барынша жоғарылап, төңіректе будақ бұлттар пайда болды. Найзағайлы бұлт — орманның табиғи жауы. Сондықтан «Қазәуеорманқорғау» РМҚК қызметкерлері өрттің алдын алу үшін әуе бақылауын орындау үстінде.

Мойынқұм ауылының қақпасы

«Қазәуеорманқорғау» РМҚК Жамбыл авиабөлімшесінің бір тобы — Мойынқұм алқабына, ал екінші тобы Меркі-Құлан таулы шатқалына ұшуға әзірленді. Біз «Қазәуеорманқорғау» РМҚК Жамбыл авиабөлімшесінің ұшқыш-бақылаушысы Бекзат Байшаловпен бірге Cessna-182 жеңіл ұшағымен Меркі-Құлан тауларына ұшып кеттік.

Бекзат БАЙШАЛОВ,

«Қазәуеорманқорғау» РМҚК Жамбыл авиабөлімшесінің ұшқыш-бақылаушысы:

-Біз таңертең Мойынқұмдағы авиабөлімшеден Cessna-182 жеңіл ұшағымен Мойынқұм-Шу-Меркі-Тұрар Рысқұлов аудандарының  аумақтарындағы өрт қауіпі жиі туындайтын аймақтарға түске дейін әуебақылауын жүргіздік. Бірінші бағыт, Шу өзенімен Ақтөбе ауылына дейін, екінші Ақтөбеден-Меркі ауылына дейін ұшып барып, таулы шатқалдарды жоғарыдан бақылап өттік. Қазір бұл аумақта 5-ші класстағы өрт қаупі тұр. Ол ең жоғарғы өлшем болып саналады. Таудағы шөптер қурап кеткен. Бір шырпы түссе болғаны, жалын жайпап кеткелі тұр. 2017 жылы дәл осы Меркі Орман шарушашылығына қарасты шатқалда өрт болған. Өртпен бір апта көлемінде күрескен болатынбыз.

«Қазәуеорманқорғау» РМҚК Жамбыл авиабөлімшесінің ұшқыш-бақылаушысы Бекзат Байшалов. Төменде Меркі ауылы көрініп тұр.

Меркі таулы аймағына күніне 3 рет әуе бақылауын жүргіземіз. Ұшақпен ұшқанда біз тек жалын шыққан аумақты анықтап, жергілікті әкімшілік пен төтенше жағдайлар қызметіне хабарлаймыз.

Меркі ауылы, Жамбыл облысы

Жамбыл авиация бақылау бөлімшесінде  сағат 9.30-да ауа температурасы +380с, түсте 420с ыстықты көрсетті. Соған қарамастан, біз әуеге көтеріліп, аптап ыстықтан шығатын өрттерді жүйелі бақылаймыз.

 

Меркі-Құлан таулы үстірті.

Меркі-Құлан таулы үстірті.

Төменде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі. Меркі ауданы, Жамбыл облысы

Cessna-182 жеңіл ұшағы.

Ақтоған — Жамбыл облысының Меркі ауданындағы, Ақтоған ауылдық округі орталығы.
 

Құлан — Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының және Құлан ауылдық округі орталығы. Облыс орталығы –Тараз қаласынан шығысқа қарай 120 км-дей жерде, Қырғыз Алатауының бойында орналасқан.

Талғат АЛИЕВ,

«Қазәуеорманқорғау» РМҚК Жамбыл авиабөлімшесінің басшысы:

 -Осы күнге дейін бізге бекітілген Жамбыл облысы аумағында 3 орман өрті тіркелді. Бұл өрттер шөл-шөлейтті аймақтарда болғандықтан, жергілікті елді-мекендерге ешқандай қауіп төндірген жоқ және өрт шығыны деп көп емес. Өйткені, орман ішіне, сексеуілдер арасында өрт кірмеді. Біз оған жол бермедік.

Біздің «Қазәуеорманқорғау» РМҚК Жамбыл авиациялық мекемесі 3 млн.48мың гектар аумаққа әуеден бақылау жүргізеді. Олар 11 орман-шаруашылық мекемеге бөлінеді. Біздің 7 өрт сөндіруші жасақшымыз бар. Өрт шыға қалған жағдайда, олар негізгі көмек келгенше әрекет етеді.

Біз орман өрті көп байқалатын аймақтарды күн сайын бақылауда ұстаймыз. Бұл жұмыс қарашаның біріне дейін жалғасады. Біздің авиабөлімше қарамағына екінші, үшінші сыныптағы тікұшақ және жеңіл ұшақ бөлінген.

«Үмбет» мемлекеттік табиғи қаумалы, Жамбыл облысы.

Мамандардың айтуынша, дала өртінен шірудің табиғи процесі бұзылып, топырақтың құнарлығы азаяды. Өрт кезінде жәндіктер, соның ішінде өсімдіктерді тозаңдатқыштар, топырақтың пайдалы микроағзалары жанып кетеді. Шөп қатты  өртенген кезде оттан шөпте немесе топырақ үстінде өмір сүретін барлық сүтқоректілер өледі немесе тұншығып қалады.

Бұлт көлеңкесіндегі — Ақтөбе ауылы. Ақтөбе — Жамбыл облысы Шу ауданындағы ауыл, Ақтөбе ауылдық округінің орталығы.

Мойынқұм — Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы ауыл, аудан және Мойынқұм ауылдық округі орталығы.

Шу өзені, Шу ауданы.

«Қазәуеорманқорғау» РМҚК Жамбыл авиабөлімшесінің ұжымы

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(Суреттерді түсірген автор)

Алматы-Мойынқұм-Шу-Меркі-Құлан-Алматы
http://kazgazeta.kz/?p=85859

Популярные новости


Алматы қ., Керей-Жәнібек хандар к-сі, 259
Тел.: +7 (727) 271-81-45
Е-mail: info@aviales.kz
Жоғарыға