БЕРЕКЕ-БІРЛІК НӘТИЖЕГЕ ЖЕТКІЗЕДІ
Қазақ халқы әрдайым қиын жағдай кезінде достық ниет танытуда, меиірім көрсетіп, көмек жасауда алдына жан салған емес. Бұл ретте де республика, облыс басшылығы, аудан тұрғындары да шет қалмай, төтенше жағдай орын алған Қарқаралы ауданы, Бақты орман- шаруашылығындағы өртке көмек қолын созды.12 тамызда сағат 16:10-да «Қазәуеорманқорғау» мекемесінің мамандарынан Бақты орман шаруашылығында өрт ошағы пайда болғаны туралы хабар түсті. Апта басындағы ауа райының ыстықтығынан, жел көтерілуі салдарынан және таулы аймақ болғандықтан, өртпен күресу қиынға соқты. Осыған орай Қарқаралы ауданының аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияладым. Өрт аумағында республика, облыс, ауданның арнайы мамандарынан жасақталған штаб құрылды. Тілсіз жаумен жерде және әуеден күрес тәулік бойы ұйымдастырылды. Өрт кезінде "Қазәуеорманқорғау" МИ-2 тікұшағын қолдану арқылы әуе барлау жұмыстары жүргізіліп отырды. Спутниктік терминалдар арқылы байланыс ұйымдастырылды. Бірнеше тәулік қатарынан аудан тұрғындары, мекеме, бөлім қызметкер- жұмыскерлері, ауылдық округтердің тұрғындары, өртке қарсы қызмет маман- дары бірінші сағаттардан бастап өртпен күресті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінен, облыс басшылығынан, төтенше жағдай департаментінен, ҚР Үлттық гвардияның «Орталық» 52859 әскери бөлімінен, жергілікті полиция қызметкерлерінен, Қарқаралы, Баянауыл, Бұйратау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен, Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Қу орманшылығы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен қалаларыңың «Қазәуеорманқорғау», «Қазавияқұтқару» мекемелерінен өрт аумағында МИ-32, МИ-8, МИ-171 тікұшақтары ауадан өртке қарсы жұмыстарды үйлестіру үшін жұмылдырылды. Олар өртпен күресуде әуеден барлығы 80 рет су төгіп, өртті басу үшін барлығы 240 тонна су шашылды. Өрттің жалпы ауданы 3700 га, оның ішінде мемлекеттік орман қорындағы 1900 га жер өртенді. Өрт орнында барлығы 370 адам және 63 техника жұмыс істеді. 14 тамыз күні облыс басшысы ауданымызға арнайы келіп, төтенше жағдай жарияланған орында болып, жағдаймен танысып, осы жағдайды бақылауда ұстайтынын жеткізді. Балқантау ауылдық округінің Айнабұлақ бөлімшесінің тұрғындарының жанының жомарттылығын, кеңпейіл дархандылығын, еңбегін айта кеткен жөн. Төтенше жағдай кезінде өртті өшіруде ұйымшылдықпен атсалысқан азаматтар мен береке-бірлігі жарасқан аудан халқына зор алғыс айтамын.
Халел Мақсұтов, аудан әкімі.