"Қазавиаорманқорғау" РМҚК орталық аппаратында сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды сараланған көтермелеу жүйесіне арналған жиналыс өткізілді

2020 жылғы 28 ақпанда "Қазавиаорманқорғау" РМҚК орталық аппаратында сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесіне арналған жиналыс өткізілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 4 ақпандағы № 32 қаулысымен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған адамдарды көтермелеу қағидаларына түзетулер қабылданды.

Жиналыс барысында заң бөлімінің басшысы Ибраев Жомарт Омашұлы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды марапаттау жүйесінің ережелері туралы айтты.

"Президенттің тапсырмасын жүзеге асыру бойынша сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарламалары үшін азаматтарды көтермелеудің жаңа жүйесі туралы Үкімет Қаулысы қабылданды. ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша (Германия, АҚШ, Ұлыбритания және Гонконг) сыйақы сомасы сараланған болады.

Пара сомасының 10% - ын айыптау үкімінен кейін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлаған азаматтар ала алады. Ең жоғарғы сыйақы 4000 АЕК (10 млн 604 мың теңге)." - деп хабарлады Жомарт Ибраев.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу бойынша ақпарат бергені үшін немесе өзге де түрде көрсетілген жәрдем үшін қаржылық ынталандыру мөлшерін ұлғайту сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте халықтың азаматтық ұстанымын жандандыруға бағытталған. 2019 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарламалар бойынша қоңыраулар саны артты. Бұл азаматтардың елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына деген сенімінің артқанын көрсетеді.

"Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу қағидаларында азаматтарды көтермелеудің мынадай жүйесі көзделген:

– параның немесе келтірілген зиянның сомасы не ұсынылған жеңілдіктердің немесе көрсетілген қызметтердің құны 1 000 АЕК – тен (2 651 000 теңге) аспайтын сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша-сыйақы сомасы (қылмыстың санатына қарай-онша ауыр емес қылмыстар, ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр қылмыстар және аса ауыр қылмыстар) 30-дан 100 АЕК-ке дейін (79 530-дан 265 100 теңге) құрайды;

– егер параның немесе келтірілген зиянның сомасы немесе ұсынылған жеңілдіктердің немесе көрсетілген қызметтердің құны 1 000 АЕК-тен (2 651 000 теңге) асса-сыйақы сомасы көрсетілген соманың 10% - ын құрайды, бірақ 4 000 АЕК-тен (10 604 000 теңге) артық емес.)." - қосып айтты спикер.

Жиналысқа орталық аппарат ұжымы қатысты.

Популярные новости


Алматы қ., Керей-Жәнібек хандар к-сі, 259
Тел.: +7 (727) 271-81-45
Е-mail: info@aviales.kz
Жоғарыға