Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2020 жылғы 1 қыркүйек. Жалғасы
Х. Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы
Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі азаматтық диалогты дамыту ісіне тың серпін берді. Кеңес еліміздегі жалпыұлттық диалог үдерісін орнықтырып, өз миссиясын орындады. Соның нәтижесінде саяси реформалар топтамасы жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» демократиялық тұрғыдан мүлде жаңа заң қабылданды. «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 130-бабын қылмыс санатынан алып тастау және 174-бабын ізгілендіру үшін өзгерістер қабылданды. Жұмысты сапалы әрі жедел атқарғаны үшін Парламентке ризашылығымды білдіремін.
Бұл – саяси саладағы реформаларымыздың бастамасы ғана. Оны жаңғырту ісі жалғаса береді. Мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау керек. Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру.
Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек.
Мысалы, қоғамдық пікір сауалдамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды.
Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын.
Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет.
Аса маңызды мәселенің бірі – аймақтарды бюджеттен қаржыландыру моделін әзірлеу. Бұл ретте «орталық пен өңір» арасындағы қарым-қатынастан бөлек, қаражаттың өңір ішінде бөлінуіне айрықша назар аудару керек.
Жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажет. Себебі бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейді. Бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждік іс-шараларға жұмсалатын тиімсіз шығындар азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Бұл – орынды.
Инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларға аудандар мен елді мекендердің бюджетінен қаражат бөлу үшін қоғамдық сараптама жүргізілуге тиіс. Бұл ретте онлайн сауалдаманы да қолданған жөн.
Жергілікті өзін өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін арттыру керек. Ол үшін ауылдық округ бюджетінің мүліктік құқығын кеңейтіп, кірісін арттыру қажет. Бұл «халық атсалысатын бюджет» жобасын дамытудың келесі кезеңі болғаны жөн. Үкімет бұл маңызды мәселені шешу үшін осы жылғы 1 желтоқсанға дейін нормативтік база мен тиісті ұсыныстарды әзірлеуге тиіс.
Мәслихаттар өкілді орган ретінде өңір қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауға жауапты. Бірақ көп жағдайда олардың пікірі ескерусіз қалады. Бұл – барып тұрған саяси анахронизм.
Осы орайда мәслихаттарға өңірді дамыту және ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан жергілікті түйткілді мәселелерді шешу үшін қол жинау және петиция жасау құзыретін беруге болады деп ойлаймын.
Мәслихаттардың тексеру комиссияларын да күшейткен жөн. Үкімет пен Есеп комитетіне заңдарға енгізілетін тиісті түзетулер топтамасын әзірлеуді тапсырамын.
Мәслихат отырыстарының міндетті онлайн-көрсетілімдерін енгізу қажет. Халық қалаулыларының өзара пікірталасы, олардың қоғамдық-саяси келбеті жұртшылық үшін қол жетпес құпия болмауға тиіс.
Жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін өзі басқару органдары құзыреттерінің аражігін кезең-кезеңмен ажырату қажет.
Жергілікті өзін өзі басқару органдары болып саналатын жиындар мен жиналыстардың мәртебесін арттырған жөн. Аудандық мәслихаттар нақты шешімдер қабылдаған кезде олардың өзекті мәселелер туралы пікірін ескеруге тиіс.
Қалалардағы өзін өзін басқару мәселесіне жеке-дара тоқталған жөн.
«Мүліктік меншік иелерінің бірлестігі» институтын енгізу жөніндегі реформа басталды. Тиісті заң да қабылданды. Енді барлық көппәтерлі тұрғын үйлер кезең-кезеңмен осы басқару нысанына көшеді.
Бұл реформа меншікті басқару ісінде тұрғындар пікірінің ескерілуін, сондай-ақ тұрғын үйді пайдалану және жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражаттың ашықтығы мен есептілігі болуын көздейді.
Үкімет пен әкімдер осындай маңызды реформаның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиіс. Себебі мұндай бірлестік – өзін өзі ұйымдастыру және басқару институтының бастау негізі.
Жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлейтін кез келді. Парламент соның негізінде тиісті заңдар қабылдайды.
Ашығын айтуымыз керек, мемлекеттік органдарда әлі де болса формализм мен жайбасарлық кеңінен етек алып отыр. Азаматтарымыз өздерінің жергілікті деңгейдегі мәселелерімен орталық мемлекеттік органдарға жүгініп, Мемлекет басшысына шағымдануға мәжбүр.
Сол үшін жергілікті жердегі басшылардың құзыреті мен жауапкершілігін арттыру керек.
Әлеуметтік желілердің арқасында өңірлерде шешімін таппаған мәселелер бүкіл елге белгілі болып жатады.
Азаматтарымыз реформаларға бастамашы болып, ұсыныстар беру үшін онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институтын құру қажет. Мұндай құрылым қандай да бір бұрмалау әрекеттерінен толық қорғалуға тиіс.
Үкімет азаматтық қоғаммен бірлесіп, осы маңызды жобаның нормативтік-құқықтық базасын әзірлеуге және оның барлық техникалық мәселелерін шешуге тиіс.
Ел азаматтарының мүддесін қорғау жөніндегі маңызды миссияны бұрынғыдай саяси партиялар атқара береді.
Nur Otan партиясы өзінің іс-қимылы арқылы қоғамымыздағы жетекші саяси күш екенін дәлелдеп отыр. Партия алдағы реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып, өзінің әлеуетін толықтай пайдаланатын болады.
Сонымен бірге мен, Мемлекет басшысы ретінде, шын мәніндегі көппартиялық жүйені дамытуға күш салуға міндеттімін.
Біз бір орында тұрған жоқпыз. Саяси жүйемізді жаңа жағдайға бейімдеп, оны біртіндеп жетілдіріп келеміз. Саяси реформалар қоғамымызға қажет, сондықтан олар міндетті түрде өз жалғасын табады.
Демократияның басты жауы – білімсіздік пен популизм. Осыны естен шығармаған жөн. Азаматтарымыз реформаларға қолдау білдіреді деп сенемін. Олар жаңа саяси мүмкіндіктердің арқасында қоғамда «хайпократияның» белең алуына жол бермейді деп үміттенемін.
Айтылған барлық реформалардың, өзгерістердің табысты жүзеге асуы баршамыздың бірлігімізге, отаншылдығымызға және азаматтық жауапкершілігімізге байланысты.
ХI. Ұлттың жаңа болмысы
Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру.
Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады.
Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын.
Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек.
Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді.
Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды.
Біріншіден, ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн.
Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет.
Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс.
Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек.
Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет.
Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз.
Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу.
Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек.
Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр.
Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн.
Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек.
Құрметті отандастар!
Алдымызда ауқымды әрі күрделі міндеттер тұр. Соларды табысты жүзеге асыру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет.
Біздің стратегиялық бағытымыз – айқын. Түйткілді тұстарымыз бен кемшіліктерімізді жақсы білеміз.
Бүгін мен бүкіл қоғам алдында дағдарыс жағдайында атқарылатын іс-шаралардың жоспарын баяндадым. Оның жемісті жүзеге асуы әрқайсымызға байланысты.
Баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек. Замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр.
Сондықтан еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болмақ.
Әр буынның маңдайына түрлі сынақ жазылған.
Біз төл тарихымызда тағдырдың түрлі сынынан әрдайым сүрінбей өттік. Еліміз ең күрделі деген міндеттерді шеше алады. Біз бұған дайынбыз.
Біз – халқымыздың тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық арман-тілегіне қол жеткізген ұрпақпыз.
Келер жылы тәуелсіздігімізге 30 жыл болады. Бұл мерейлі дата – Егемен еліміз үшін аса маңызды меже. Бұл – жаңа тарихи кезеңнің басы.
Бізге мемлекеттің болашағы үшін зор жауапкершілік жүктеліп отыр.
Бірлігіміз бен ынтымағымыз мығым болса, барлық қиындықты жеңіп, мақсатымызға жетеміз.
Бұл біздің қолымыздан келеді.
Мен бұған кәміл сенемін.
Еліміз әрқашан аман болсын!