Бүгін Алматыда Думан ықшам ауданында тау баурайындағы қураған шөптер өртенді.
Өрт ошағын "Қазавиаорманқорғау" РМҚК Алматы авиа бөлімінің бақылаушы ұшқыштары әуеден байқаған. Нақтырақ айтсақ, жалын Қотырбұлақ орманшылығының 50,51 кварталын шарпыған. Алматы қаласының ТЖД мәліметінше, сағат 16:05-те Медеу ауданында қураған ағаштар өртенгені туралы ақпарат келіп түскен.
Жалын шарпыған аумаққа "Қазавиаорманқорғау" РМҚК, Іле Алатауы ұлттық паркі өрт сөндірушілері мен Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері барып, өртті ауыздықтады.
Оқиға орнына 25 адам, 5 бірлік техника жіберілген. Тау бөктеріндегі өрттің жеке тұрғын үй секторына таралу қаупі туындады. Өрт ошағы 1,5 гектарды шарпыған.
Досжан Балабекұлы
https://kazgazeta.kz/news/116529